allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои
Выбор читателей

Мировые новости

20 августа, 17:55

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов 2016 жылы 2 қыркүйекте көз жұмған болатын. Экс-президенттің қызы Гүлнара Каримоваға байланысты дау-дамай әлі күнге дейін басылар емес. Бүгін Өзбекстан билігі елдің тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты жаңа қылмыстық істер қозғады деп хабарланған. Tengrinews.kz тілшісі бұрынғы басшының қызына тағылған айыптарды топтастырды. 

Айыптар қашаннан тағыла бастады?

2012 жылы Швейцария үкіметі Өзбекстанның алты азаматына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Күдіктілер тізімінде Гүлнара Каримова да болған бұл қылмыстық іс аса ірі көлемде сыбайлас жемқорлық және ақша ізін жасыру дерегі бойынша қозғалған. Нәтижесінде алты азаматтың ісі бойынша 800 миллион долларға жуық шоты бұғатталған.

Гүлнара Каримованың құқық қорғаушысы жариялаған фото. 16 қыркүйек, 2014 жыл © rferl.org

Гүлнара Каримованың құқық қорғаушысы жариялаған фото. 16 қыркүйек, 2014 жыл © rferl.org

2013 жылы Гүлнара Каримоваға қатысты 2001-2013 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған бопсалады және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған.

Сол кезде оның мемлекетке келтірген залалы 2 миллиард доллар екені айтылған еді. Мемлекет пен азаматтардың мүддесіне екі қылмыстық іс бойынша келтірілген шығынның жалпы сомасы - 1 триллион 270 миллиард 200 миллион сом, 1 миллиард 651,8 миллион доллар, 26,1 миллион еуро (ұлттық валютадағы жалпы сома - 3 триллион 746,8 миллион сом) деген еді прокуратурадағылар.

Гүлнара Каримоваға байланысты тағы бір қылмыстық іс 2016 жылдың қаңтарында қозғалған. Сол жылы 16 қаңтарда Өзбекстан үкіметі Гүлнара Каримованың есебіндегі қаражат ел қаржысы деген себеппен Нью-Йорк сотынан бұғатталған шотты қайтаруды сұраған. Бұл хатты сол кездегі Өзбекстан әділет министрі Музраф Икрамов жолдаған. 

Ашық хатта Гүлнара Каримованың аты-жөні нақты айтылмағанымен, оның жақтастарының есімі аталған. Бұған дейін 2014 жылы елдің Бас прокуратурасы Каримованың 10 жақтасына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Кейіннен құқық қорғау органдары оның жақтастары - Мадумарова мен Авакянның ұсталғанын хабарлаған. 

Бұдан бөлек Швейцария үкіметі АҚШ сауалнамасы бойынша Гүлнара Каримоваға қатысты активтерді бұғаттап тастаған. Бұғатталған активтердің жалпы құны - 640 миллион доллар. 

Гүлнара Каримова. © РИА Новости

Гүлнара Каримова. © РИА Новости

Гүлнара Каримованың шотындағы қаражатты кім алады?

Каримованың Швейцария үкіметі бұғаттап тастаған қаражатын кім алады деген сұрақ көпті мазалады. Бұл мәселе бойынша келіссөздер әлі жүріп жатыр. Бұл қаражатты алуға бірінші үміткер Өзбекстан болса, Каримованың есебіндегі ақшаға АҚШ-тың да көзі түсіп отыр. 

Гүлнараның есебіндегі 800 миллион швейцариялық франктың (784 миллион доллар) көп бөлігін АҚШ пен Нидерланды алуы мүмкін. 2017 жылы Берн қаласында Каримованың ісін жүргізетін Бас прокуратурамен бірге жасырын келіссөздер жүрген. Женевадағы Lombard Odier банкінде бұғатталған Каримованың есебіндегі тәркіленген қаражаттың 550 миллион долларын АҚШ өндіріп алуы мүмкін. Себебі өзбек кланы қаржылық операциялар кезінде АҚШ банктері мен долларын пайдаланған. Голландияның нақты қанша қаражат өндіріп алатыны белгісіз. 

Келіссөз барысында бұғатталған активтер телекоммуникациялық компаниялардан пара ретінде алынғаны анықталған. 

Гүлнара Каримова  © The New Yorker 

Гүлнара Каримова  © The New Yorker

Көптеген маман Каримованың бұғатталған активтерінің тағдырын сот тәркілегеннен кейін және Швейцария үкіметінің шешімінен кейін белгілі болады. Бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Бұдан бөлек осы процестің басы-қасында жүрген шенеуніктің айтуынша, Каримованың активтері сот рұқсатынсыз-ақ Өзбекстан үкіметіне өтуі мүмкін екен. 

АҚШ та ресми айып тақты

АҚШ билігі Гүлнара Каримова мен Uzdunrobita компаниясының бұрынғы директоры Бекзод Ахмедовке қатысты ресми айып таққан. Екеуі пара алды және 865 миллион долларды заңдастыруға тырысты деп айыпталған. АҚШ әділет министрлігінің мәліметінше, Гүлнара Каримова ең ірі көлемде пара алған күдікті екені айтылған.

Бекзод Ахмедов - Ресейдің МТС телекоммуникациялық компаниясына қарасты "Уздунробита" ұялы операторының бұрынғы директоры, оған МТС пен тағы екі компаниядан - VimpelCom ("Билайн" сауда маркасының қожайыны) және Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясынан Өзбекстан нарығына кіру үшін пара алуға көмектескен деген айып тағылды.

АҚШ әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2012 жылдар аралығында VimpelCom Гүлнара Каримоваға 114 миллион доллар, 2007-2010 жылдары Telia компаниясы 331 миллион доллар, МТС - 420 миллион доллар пара берген. Каримова аталған үш компаниядан барлығы 865 миллион доллар пара алған делінеді.

Артынша МТС компаниясы АҚШ әділет министрлігімен бейбіт келісімге отырғаны белгілі болды. Соған сәйкес комания 850 миллион доллар айыппұл төлеген.

Сонымен қатар, күні бүгін ғана Гүлнара Каримоваға қатысты жаңа қылмыстық істер қозғалғаны белгілі болды. Прокуратураның мәліметінше, Каримова мемлекет қаражатын жымқырды, Өзбекстан Республикасы мүдделеріне қайшы келісімшарттар жасасты, сондай-ақ, бопсалау арқылы аса ірі мөлшерде ақшы жымқырды деп айыпталып отыр. 

"Қылмыстық іс қозғауға халықаралық White and Case заңгерлік компаниясынан және халықтан келіп түскен хаттар негіз болды", - делінген хабарламада.

Тергеу мәліметінше, Каримова тағы бірнеше адаммен алдын ала келісіп, мемлекетке тиесілі  "Кувасайцемент" және "Бекабадцемент" АҚ акцияларын төмен бағамен сатып алып, кейін акция пакеттерін заңсыз түрде шетелден келген кәсіпкерлерге сатып отырған. Осылайша Каримова мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірген.

Ташкент облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының 2017 жылдың 18 желтоқсанындағы шешімімен Каримова 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ 2018 жылдың 1 шілдесінде сот оның жазасын 5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырған.

Жазасын қалай өтеді?

Жазасын өтейтін орынды сотталушы өзі таңдаған. Осылайша, Гүлнара Каримова жазасын қызы Иман Каримованың үйінде өтеді. Бірақ сотталушыға бірнеше шектеу қойылды - үйден шығуға, Интернет пен байланыс құралдарын қолдануға тыйым салынды, сондай-ақ, ол келтірген шығынды өтеуге міндеттелген.

2018 жылдың 22 қарашасында Каримова үйден өз еркімен кетіп қалған. Артынша оған ескерту жасалған. Алайда, ескертулерге қарамастан, Каримова әрі қарай заң бұзуын тоқтатпаған: бірнеше рет байланыс құралдарын, Интернетті қолданған. 2019 жылдың наурызында Каримоваға қатысты шыққан сот үкімі қайта қаралған. 

Биыл наурызда Өзбекстан билігі үйқамақта отырған 47 жастағы Гүлнара Каримованы "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғаны үшін" түрмеге қамаған. Каримованың еркіндігінен бес жылға айыру туралы үкім асүйінде шығарған. Бұл туралы Гүлнараның қызы Иман Каримова британдық тілшілерге айтып берген. 5 наурыз күні елдің бас прокуратурасы үйқамақта отырып, тәртіп бұзған Каримованы түрмеге ауыстырғаны туралы мәлімдеген. Сот 2018 жылдың маусымынан бері үйқамақта отырған Каримованы түзеу колониясына жіберген. 

Айта кетейік, Гүлнара Каримова 1992 жылы Мансур Максуди есімді америкалық кәсіпкерге тұрмысқа шыққан. Ол Coca-Cola компаниясының Ташкенттегі өкілдігінің директоры болған. Алайда олар 2001 жылы ажырасып кеткен. Гүлнара ажырасқаннан кейін ұлын және қызын алып кетіп қалған. Оның жеке өміріндегі бұл жағдай халықаралық жанжалға себеп болған. Себебі оның күйеуі балаларын өзіне қайтаруын талап еткен. Бірақ сот шешімімен балалар Гүлнарамен қалған. Бұрынғы президент Ислам Каримовтың бірінші отбасынан ұлы және екінші отбасынан Гүлнара Каримовадан бөлек Лола есімді қызы бар. 

Вы находитесь: Главная » Мировые новости

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий