allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои
Выбор читателей

Мировые новости

20 июня, 15:53

Reporters sans frontières ұйымының мәліметі бойынша өткен жылы әлемде 80 журналист қаза тапқан. Ұйымның өкілдері өз сөздерінде журналистердің өлімі істеген жұмыстарына тікелей қатысты деген. Бұл көрсеткіш халықаралық журналистер ұйымы өкілдерін дүр сілкіндірді. Себебі бұл статистика алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Tengrinews.kz тілшісі БАҚ өкілдерінің өліміне әкеп соққан атышулы қастандықтарға шолу жасады.

Жамал Хашукджи

Күні кеше БҰҰ өкілдері Сауд Арабиясы ханзадасының журналист Жамал Хашукджидің өліміне қатысы бар екенін мәлімдеді. Аньес Каламар Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы журналист Хашукджидің өліміне қатысы барын айтып, халықаралық санкциялар енгізуге шақырған.

Айта кетейік, америкалық Washington Post газетінің шолушысы болып жұмыс істеген сауд журналисі Жамал Хашукджи 2017 жылдан бері АҚШ-та тұрып келген, ол Түркияда 2 қазанда, Сауд Арабиясының Ыстамбұлдағы бас консулдығына барғаннан кейін жоғалып кеткен. Әр-Риядтың мемлекеттік БАҚ-тары 20 қазанға қараған түні Хашукджидің өлгенін хабарлады. Оның өліміне консулдық қызметкерлерімен жанжалдасуы себеп деген нұсқа айтылды. Тергеу аясында 18 адам ұсталған.

© Жамал Хашукджи

Ыстамбұл прокуратурасының мәліметінше, Жамал Хашукджиді Сауд Арабиясының бас консулдығында қылғындырып өлтіргеннен кейін денесін бөлшектеп, жойған.

Ян Куцияк

2018 жылдың 21 ақпанында 27 жастағы Словакия журналисі Ян Куциякке шабуыл жасалды. Куцияк алған зақымнан қаза тапты. Оған тапаншадан оқ атылған. Оған қоса журналистің жары да өлтірілген. Журналистің өліміне байланысты шетел басылымдары жарыса жазған еді. 

© timenote.info

Бұл оқиға Словакия астанасы Братислав қаласының маңында орналасқан журналистің үйінде болған. Негізі Куцияк соңғы журналистік материалдарында Словакияның сол уақыттағы премьер-министрі Роберт Фицо және оған қарасты адамдарды сынаған  еді. Материалда билік басындағылардың мафияға қатысты италиялық кәсіпкерлермен байланысы бар екені әшкереленген. Куцияктың өлімінен кейін словак халқы бас көтеріп, шеру ұйымдастыра бастады. Салдарынан премьер-министр Роберт Фицо және оның екі көмекшісі отставкаға кетті. Сонымен қатар ішкі істер министрі де, оған қоса журналистерге жауапты мәдениет министрі де қызметінен кеткен еді. 

Айта кетейік, аktuality.sk басылымының журналисі Ян Куцияк сонымен қатар премьер-министрдің компаниялары жетекшілік жасаған ауыл шаруашылығындағы кәсіптері мен келісімшарттары туралы да журналистік зерттеу жүргізген. Куцияктың шеф-редакторы Петер Барди 2017 жылы оған премьер-министрдің өзі хабарласып журналистерінің жұмысын қадағалауын тапсырғанын айтты. Сондай-ақ қоқан-лоқы көрсеткен екен. Осыдан кейін Ян Куцияк билік өкілдерінің жасап жатқан қысымы туралы мәлімдеген. Бірақ олар қарсы шара қолданбаған көрінеді. Керісінше журналисті белгісіз адамдар аңдып жүрген екен. 

© dw.com

Шенеуніктерді әшкере қылатын мақала, журналист қаза тапқаннан кейін ғана жарияланған. Бұл мақала халық арасында наразылық тудырып, билік өкілдерінің отставкаға кетуіне себепші болды. Ал кейін журналисті өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталған. 2019 жылдың сәуір айында ұсталғандардың бірі Мирослав Марчек Ян Куцияк пен оның жарын өлтіргенін мойындайды. Сондай-ақ тергеушілер журналисті өлтіруге тапсырма берді деп Словакияның мультимиллионері Мариан Кочнердің атын атайды.

Дафне Каруана Галиция

2017 жылдың 16 қазанында Мальта аралында көлік жарылған еді. Оның ішінде 53 жастағы журналист Дафне Каруан Галиция болған. Ол Мальта шенеуніктерінің жемқорлыққа қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында журналистік зерттеу жүргізген. Зерттеуге Мальтаның премьер-министрі Джозеф Мускат және оның қоластындағы екі көмекшісі іліккен. Қайғылы оқиға алдында журналист өзіне қоқан-лоқы көрсетіліп жатқанын мәлімдеген еді. 

© euronews.com

Галиция түрлі ақпарат көздеріне сүйене отырып жемқорлыққа байланысты мақала жазған. Сонымен қатар 30 жыл бойы журналистік зерттеу жүргізген. Оның арқасында Мальтаның кейбір шенеуніктерінің жемқорлыққа қатысы бар екені жайлы мақалалар жарияланған. Сондай-ақ ол блогер болған. 

Құқық қорғау органдары Галиция отырған жалдамалы көлікте жарылғыш зат орнатылғанын және ол қашықтықта басқарылғанын айтты.   

Галиция қаза тапқаннан кейін де Мальта тұрғындары қылмыс жасаған адамдарды табу үшін шеру ұйымдастырған. 2018 жылы Галицияның материалдарына сүйене отырып ел билігі премьер-министрге қатысты тексеріс жүргізген. Бірақ тексеріс нәтижесі бойынша, шенеуніктің бұл қылмысқа қатысы жоқ екені анықталған.  

2018 жылы Мальта полицейлері Галицияның өліміне тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және қылмысқа қатысы бар деген екі күдіктінің анықталғанын мәлімдеген

Николай Андрущенко

2017 жылдың 19 сәуірінде "Новый Петербург" газетінің 73 жастағы журналисі Николай Андрущенко емханада қайтыс болды. Көшеде соққыға жығылған журналисті көшедегі кездейсоқ адамдар байқаған. Кейін ол емханаға жеткізіліп, дәрігерлер ми жарақатын алды деген диагноз қойған. Андрущенко бірнеше апта комада болған. Негізінде Андрущенко өз мақалаларында жемқорлық мәселелерін көп қозғайтын. Оны соңғы рет емханаға түспей тұрып бәзбіреулер соққыға жыққан екен. 

© ria.ru

"Новый Петербург" газетінің редакторы Денис Усов 73 жастағы журналистің өлімі оның жұмысымен тікелей қатысты екенін мәлімдеді:

"Андрущенко қала басшылары, жоғары лауазымдағы шенеуніктер мен күш құрылымы ведомстволарының басшылары жайында өткір мақалалар жариялайтын. Сондықтан да оның жауы көп болған. Сондай-ақ 2007 жылы оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оған құқық қорғау органдарының жұмысына заңсыз араластың, жала жаптың деген сияқты айып тағылған еді. Әншейінде мұндай істер журналистік зерттеумен айналысатын басылымдарға тағылады". 

Николай Андрущенко қайтыс болар алдында құқық қорғау органдарында жоғары лауазымды адамдар туралы мақала жазған. Журналист олар туралы ақпарат жинаған. Андрущенко өз әріптестеріне көшеде бәзбіреулер сол материалды сұрап, соққыға жыққанын айтқан. "Новый Петербург" газетінің редакторы Денис Усов болса журналистің өліміне байланысты тергеу ісін полицейлер дұрыс жүргізбей жатқанын мәлімдеген.

Джон Китуйи

2015 жылдың 30 сәуірінде Кенияның Элдорет қаласында журналист, The Mirror Weekly газетінің баспагері 63 жастағы Джон Китуйя қаза тапты. Журналисті үйіне қайтып бара жатқан жолда, мотоциклмен екі адам қуып жетіп соққыға жыққан. Китуйя басынан көп соққы алған екен. Қаскөйлер оның ұялы телефонын ғана алған, бірақ әмиянына тиіспеген. 

© roggkenya.org

Джон Китуйя журналистік зерттеуімен Кенияда танымал болды. Ол елге танымал шенеуніктердің аттарын жағымсыз мақалада жариялап отырған. 63 жастағы журналист қаза болмай тұрып, Кения президенті көмекшісінің сотта қаралып жатқан ісі жарияланбауы тиіс деген ұсыныстың бәзбіреулерден түскенін айтқан. 

Кениялық журналистің өлімі халықаралық дауға ұласты. Бірақ оны өлтірген қаскөйлердің табылмағаны хабарланған еді. Халықаралық журналистік ұйымдар Китуйяның өлімі оның жариялауға ниеттенген мақалаларына байланысты деп мәлімдеген.

Вы находитесь: Главная » Мировые новости

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий