allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои
Выбор читателей

Технологии

13 февраля, 11:47

Economic Modeling Specialists International америкалық компаниясы жасаған зерттеуінде 10-ға жуық мамандықтың 10 жылдан кейін өзекті болмайтынын мәлімдеген. Олардың ішінде заңгер, теле және радио жүргізушілері, кассирлер, құрылысшылар сияқты мамандықтар бар. 

Tengrinews.kz тілшісі осы болжам жайлы ақпарат жинап және жоғалады деген мамандық иелерінен сұхбат алды. Бұл мақалада заңгерлерлер өз жұмысы жайлы және болашақта оларды қарқынды дамып келе жатқан технология немесе жасанды интеллект алмастыруы мүмкін деген болжамға қатысты сұрақтарға жауап берді.  
  

Мадияр Әлжаппар,

25 жыл өтілі бар заңгер 

Заңгер Мадияр Әлжаппар 25 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Жоғарыда айтылған болжамдардың қисыны жайлы пікір білдіре отырып ол бұл салаға қалай келгенін, қызметінің қыр-сыры және ерекшеліктері жайлы айтып берді.

"Мен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылында 1977 жылы дүниеге келдім. Орта мектепте оқып жүргенде теледидардан әскери адамдар туралы көркем фильмдер мен бағдарламаларды жиі қызығып көретінмін. Сонымен қатар, біздің тәрбиеміз үйге келген қонақтың қолына су құйғаннан бастап қайтадан сүйемелдеп атқа қондырғанға дейін пайдамызды тигізу еді. Бала кезімнен үш қағида, яғни білімді болу, ісіңе адал болу және пайдаңды тигізу қатты қалыптасты. Басқаға пайдаңды тигізу үшін бірінші білімді болуың керек және өз құқықтарыңды білуің керек. Осы жағдайлар менің мамандық таңдауыма себепкер болды. Сол кезде КСРО да беделі бар, мықты кадрлар дайындайтын Қарағанды Жоғары Мектебі туралы көп естігендіктен бала кезімнен соған дайындалдым" - дейді заңгер. 

Заңгердің айтуынша, ол Қарағанды Жоғарғы (ІІМ-ҰҚК) Мектебінің түлегі. Оқу жылдары КСРО-ның заңдары Тәуелсіз Қазақстанның заңдарына ауысып жатқан кезіне тұспа-түс келген екен. Кейіпкеріміз бұл жағдайлардың бәрі оны білікті заңгер болуға септігін тигізгенін айтты. Ол білім мен тәжірибе, орысша мен қазақша, ескі заң мен жаңа заң барлығын салыстырмалы түрде игеріп отырған. Осындай салыстырмалы талдаудың болашақ маманның алдын ала болжау, талдау, баға беру, дұрыс шешім қабылдау сынды қасиеттерін жетілдірген екен. 

"Бұл мамандықтың ерекшелігіне келер болсақ - құқық саласының маманы ретінде тек қана заңды жақсы игеру емес, оны дұрыс қолдана білу де өте маңызды. Сонымен қатар, заңгердің қызметі адамдардың арасындағы келіспеушілік пен қақтығыстарды шешумен байланысты болғандықтан, моральдық және психологиялық тұрғыдан өзінің ұстанымы да, адамдарды татуластыру қабілеті де, екі тарапқа бірдей көзқараспен қарай білу қасиеттері де басқаларға үлгі қылатындай дәрежеде болуы тиіс", - дейді Мадияр Әлжаппар. 

© pixabay.com

Заң маманы көмекке жүгінетін қазақстандықтардың өз құқықтарын қаншалықты білетіні туралы сөз қозғады.

"Әрине, бізге жүгінген азаматтардың ішінде білімділері де бар және өкінішке қарай өз құқықтарын біле бермейтіндері де бар. Мысалы, заңды тұлғалардың арасындағы корпоративтік даулармен жүгінетін азаматтардың білімдері жоғары, кейбіреулерінің ғылыми дәрежесі де бар, себебі бизнеспен айналысатын тұлғалар үшін қаржы саласында білімді болуы шарт", - дейді заңгер.

Мадияр Әлжаппар өз тәжірибесінде болған сот істері жайлы да айтып берді. Оның айтуынша, әрбір қаралып жатқан істің ол үшін өзіндік орны бар.

"Менің тәжірибемдегі қай іс болса да өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі, әрбір жекелеген істе адамдардың тағдыры шешіледі. Жасаған істерінің нәтижесінде, бізге жүгінген тұлғаның бұзылған құқығы қалпына келіп, көздеген мақсатына қол жеткізгенде біз де қуанамыз, ал кейбір істерде ата-анасы ажырасып, балаларын бөліп жатқанда, қандай нәтижеге қол жеткізгеніңе қарамастан кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, есімізге күнделікті бола бермейтін істер қалады. Мысалы, Қазақстан темір жолына пойыз вагондарын жалға берген Беларусь азаматтарының вагонды жоғалтып алу ісі, Мемлекеттің қажеттілігі деп Алматы қаласындағы азаматтардың жатақханадағы меншікті бөлмелерін алуы және тағы сол сияқты көптеген жағдайларда азаматтардың құқықтарын қорғау туралы істер", - дейді маман.

© pixabay.com

Кейіпкеріміз заңгерлердің жалақысы жайлы басқа мамандардың айлығымен салыстыра отырып айтып берді. Оның айтуынша заңгердің айлығы оның біліктілігіне байланысты екен.

"Заңгерлердің табатын орта есеппен жалақыларын айту үшін көп жағдайларды ескерген жөн. Мысалы, колледжде заң саласында сабақ беретін оқытушының айлығы 60000 теңге ғана болса, ірі өндіріс компанияларындағы заңгерлік департамент бастығының айлығы 600 000 теңгеге дейін болуы мүмкін. Ал сотта өкілдік жасайтын заңгерлердің табысы олардың біліміне, алғырлығына, белсенділігіне және танымалдығына байланысты" - дейді Мадияр Әлжаппар.

Мақаланың басында айтып өткеніміздей, болашақта дамып жатқан технологиялар, яғни роботтар мен жасанды интеллект әртүрлі мамандықтардың орнын басуы мүмкін және оның ішінде заңгер мамандарының орнын басады деген сияқты болжамдарға кейіпкеріміз өз ойын былай білдірді:

"Ғалымдардың болашақта заңгерлерді толықтай жасанды интеллект немесе роботтар алмастырады дегенімен келісе алмаймын. Әрине, қазіргі таңда АҚШ, Жапония және Қытай елдерінде көп салада роботтар қолданылып жатыр. Мысалы АҚШ-тағы Amazon компаниясында роботтар 20 000 адамды алмастырған. Ал біздің жарқын болашағымыздағы заңгер-роботтарымызды робот-заңгерлер ауыстыруы мүмкін. Ол дегеніміз ірі компанияларды жасалатын шарттар біркелкі болып келеді, бірақ ол шарттармен жұмыс істейтін заңгерлер бас көтерместен күнделікті біркелкі жұмыстарды атқарады. Осындай салада бірнеше заңгерге айлық төлегеннен бір роботты ұстау тиімді болуы мүмкін. Оны мен де қолдаймын. Егер күнделікті орын алып жатқан ажырасу істерін алып қарасаңыз, егер ажырасушы тұлғалардың кәмелетке толмаған балалары болмаса, робот автоматты түрде ажырастыруы мүмкін. Ал, егер ол отбасының ата-анасының материалдық жағдайы әр-түрлі, көпбалалы болса ше? Жасанды интеллект қандай шарттарды алға қойып шешуі мүмкін екендігі белгісіз және де қауіпті. Ең бастысы заңгер дегеніміз ол судья, прокурор, қорғаушы, құқыққорғау органдарының қызметкерлері және әскери адамдар. Олардың бәрі жұмыссыз қалады дегенге мен сенбеймін".

© pixabay.com

Маманның айтуынша, заң нормаларын жасанды интеллект жатқа білгенімен оның қолдану механизмі рухани факторларға да байланысты.

Алайда ол заңгерлер өз деңгейін көтеру жолында еңбектенбесе, оларды болашақта робот алмастыруы әбден мүмкін екенін айтып отыр. "Ал егер де білікті заңгер бола тұра, адами қасиеті мен рухани байлығын сақтаса сол кезде заңгерлерді ешқандай жасанды интеллект, яғни робот алмастыра алмайтыны хақ", - дейді ол.

   Асқар Есімбекұл

  15 жыл өтілі бар заңгер

            

Осы салада 15 жыл өтілі бар Асқар Есімбекұлы болса бұл болжам екіұшты екенін айтады.

"Мен 1982 жылы 30 қаңтарда Қарағанды облысында дүниеге келдім. 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне халықаралық құқық мамандығына оқуға түстім. Мектеп қабырғасында өз мамандығымды таңдап алдым, жасаған таңдауыма бірде-бір рет өкінгенім жоқ, өйткені заңгер - бұл мені жеке тұлға ретінде және барлық бағытта тұрақты дамудың жолын көрсетті. Бұл жолға қалай келгенімді айтар болсам, мен әділдікті жақтаушымын және заңгер мамандығы осы ұғыммен тығыз байланысты. Әрине, жоғарыда айтылғандай, бұл даму. Құқықтану барлық өмір сүру салаларын қамтиды, сен әр жолы жаңа жағдайлардың куәсі боласың, барлығын білесің және одан көптеген қызықты нәрселерді ұйғарасың. Сен тек басқа салалар саласында ғана емес, сонымен қатар, құқықтың өзінде де дамисың. Өйткені қазіргі заманғы әлем бізге жаңа азаматтық-құқықтық қарым-қатынастар енгізіп жатыр және біздің заңнама уақытпен бірге жүруі қажет", - деді заңгер.

Ол өзінің жұмысын адамдармен үнемі тығыз байланыста екенін айтты. 

"Мен заңгерлік мансабымды Алматы облысының статистика департаментінде бастадым. Қазіргі уақытта жұмыс тәжірибем 15 жыл. Адамдарға кәсіби тұрғыдан олардың даулы жағдайларын шешуге көмектесеміз. Әрине, біз онымен шектелмейміз, бұл ғасырда әлем бағыты білім алу мен кәсіби даму болғандықтан, менің ойымша, заңгерлер қарапайым халыққа Нормативтік-құқықтық актілерге негізделе отырып осы нормаларды түсіндіруі керек және халықтың құқықтық сауатын дамытуға ықпал жасауымыз керек деп санаймын", - деді Асқар Есімбекұлы. 

Заңгер азаматтарымыздың заң жағынан сауаты жайлы да айта кетті.

"Меңімше, жағдайлар әртүрлі болады, заң  туралы мүлдем білмейтін адамдар да болады, сондай-ақ түсінігі бар, бірақ оларды өз бетінше шешуге қиналатындары да кездеседі. Біздің қоғамымыз күннен-күнге дамып, бұрынғыдан құқықтық сауатты болып келеді деп айта аламын. Мұның дәлелі - қазір әрбір екінші адам бір мәселелермен келіспей, сотқа жүгінуілерінің жиілеуі" - дейді маман.

Ол заңгерлердің табысы жайлы да пікір білдірді. 

"Көп адамды біздің жалақымыз қызықтырады. Заңгерлердің орташа табыс ұғымы заң қызметтері нарығында жоқ, өйткені әрбір компания баға кестесін өзінше белгілейді. Белгіленген тарифтерге қарап қалмайды, мәселен нотариустар үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде қызмет мөлшерінің тарифі көрсетіледі. Ал біздің жағдайда бұл сұраққа дұрыс жауап беру мен үшін қиын", - деді ол.

© mir24.tv

Заңгерлерді түгелімен 2030-50 жылдары роботтық технологиялар алмастырады деген сұраққа кейіпкеріміз былай жауап берді:

"Менің ойымша, бұл күмәнді болжам. Мен олардың кейбір іс жүргізу құжаттарын ғана жаза алатынын болжай аламын. Менің көзқарасым бойынша, мұндай салада дауларды шешетін адам ғана емес, сондай-ақ жанашырлық сезімін көрсете алатын, қолдау көрсететін, лайықты сөздерді таба алатын адам да қажет. Сіздің алдыңызда "металл" отырған кезде өзіңізді жайлы сезініп, барлық жағдайды айтып бере аласыз деп ойламаймын. Бірақ бұл болашақта қандай адамдар болатынына байланысты деп айтар едім. Мүмкін, олар үшін бұл қалыпты болады. Менің ойымша, заңгерлер әрдайым өзіне жұмыс табады", - деп қорытты ойын Асқар Есімбекұлы.

Оқи отырыңыз: 

Ұмытылатын мамандықтар: call-орталық мамандары келешекте немен айналысады

Вы находитесь: Главная » Технологии

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий