allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои
Выбор читателей
Результаты

Новости спорта

19 августа, 17:34

Марат Жыланбаев - Қарақұм (Қазақстан), Сахара (Африка), Үлкен Виктория (Аустралия) мен Ажал алқабы (Солтүстік Америка) шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз марафоншы. Бұл рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ. Бүгін Марат Жыланбаевтың туған күні, ардагер марафоншы 56-ға келіп отыр. Отбасы, амнезияға шалдыққаны және марафондар туралы Марат Жыланбаев Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді. 

Спортқа қалай келді?

Марат Жыланбаев 1963 жылдың 19 тамызында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы қазіргі Аманжолов ауылында дүниеге келген. Бала кезінде көп ауырған спортшының иммунитеті төмен болғандықтан дене шынықтыру мұғалімі спортпен айналысуға кеңес берген. 

"Мен бала күнімде қатты ауыратынмын. Өкпенің қабынуы, ангина деген сияқты салқын тигеннен туатын аурулармен көп ауырғанмын. Мұғалімім "спорт секциясына жазыл" деді. Содан күреске, боксқа бардым. Бірақ бұл спорт түрлерімен айналысқым келмеді", - дейді ол.

Марат Жыланбаев © facebook.com/marat.zhilanbaev

Сосын Марат спорттық бағдарлау мен желкенді спортқа барған. Бұл спорттан жақсы нәтиже көрсетіп, чемпион атанғаннан кейін жаттықтырушысы жүгіру спортына баруға кеңес берген. 

"Маған жаттықтырушым жүгіруден марафон тобына жазыл деді. Қарағандыдағы марафон тобына жазылдым. Сөйтіп, шамамен 17 жасымда жүгіре бастадым", - дейді марафоншы.

Мараттың айтуынша, ол 1995 жылы үлкен спорттан кеткен. Қазір тек жаттықтырушы ретінде ғана жұмыс істеп жүр. 

Сахара шөлінде

"Мен Сахара шөлінде 1992 жылы болдым. Ал 1991 жылы өз әдісім бойынша жаттығып, жүгіруге шыққан кезімде бір жылдың ішінде үш әлемдік рекорд орнаттым", - дейді Марат. 

Сол жылы Марат Робин Дэвидсонның кітабын қолына алып оқыған. Оның сөзінше, кітап төрт түйе және итпен бірге Аустралияның шөлді аймақтарын аралаған жиһангез туралы. Сол кітапты оқығаннан кейін, кейіпкеріміз алдына мақсат қойған. 

"Мен ол кітаптан шабыт алдым десем болады. Бәлкім оның тағдыры менікіндей болғандықтан шығар. Мен сол аймақтарды жүгіріп өтемін деген шешім қабылдадым. Мақсатым екі жылда орындалды. Бірінші жылы Қарақұмды жүгіріп өттім", - дейді ол.

Марат Жыланбаевтың Сахара шөліндегі сапары © instagram.com/marat_zhylanbayev

Мараттың айтуынша, ол шөлде жүгіруге біраз дайындалған. Шөлді жүгіріп өткен атақты адамдармен кездесіп, Ашхабадтағы шөл, флора және фауна институтына барып мамандармен сөйлескен. Арнайы заттарын алып, дайындықтар жүргізген. 

"Дайындықтар барысында 42 шақырымды сусыз жүгіріп жүрген кездерім болды. Оның барлығы үлкен сапарымда көмегін тигізді", - дейді спортшы.

Осы сапарында Марат тіпті аустралиялық жазушы әйел Робин Дэвидсонның өзімен кездескен екен. 

Сондай-ақ, спортшы Сахара шөлін жүгіріп өткен кезде болған қызықты оқиғасын әңгімеледі. Оның сөзінше, шөл далада елестер жүреді деген сенім бар екен. 

"Мен Сахара шөлін жүгіріп өтуге дайындалып жүрген кезімде, адамдар шөлде түнде жүруге болмайды деп ескерткен. Себебі түнгі уақытта елестер кезіп жүреді екен. Маған оны әппақ киінген, сақалы ұзын шал деп суреттеді. Шөлде тас мүсіндері болады. Оған тік қарауға болмайды. Себебі ол шөл елесінің көзіне тіке қараған адамдардың мүсіні екен. Көрген адам көзін жұмып, қарамай қоюы керек екен. Ондай жағдайда іштей арманыңды айту керек. Сонда арманың орындалады деген сенім бар. Ал мен өз басым ондай нәрселерге сенбеймін. Сәл қорыққаныммен, аса мән бергенім жоқ. Бір кезде түнде қарама-қарсы бетіме қарасам бір үйшік тұр. Карта бойынша да, ғарыш картасы бойынша да ондай үй жоқ болатын. Жақындап барып қарап көрсем, бір шал шығып келе жатыр. Бұрылып, жан-жағына қарап тұр, бірақ мені байқаған жоқ. Мен оның артынан үйшікке бірге кірдім. Мені көре сала шал құлап түсті. Кейіннен өзім әппақ болып киініп алғаным есіме түсті. Ол менің көзіме қарамастан бірден дұға оқи бастады. Мен оған елес емес екенімді түсіндіріп әлек болдым. Оның жүрегі ұстап қала ма деп тіпті түртүге де қорықтым", - дейді Марат. 

"Оянсам, есімде ештеңе жоқ"

Марат Төлегенұлының сөзінше, ол 1995 жылы амнезия яғни ұмытшақтық ауруына шалдыққан. Ол тек денеге түсетін ауырлық кесірінен ғана болмаған. Оның айтуынша, бұл ауру психологиялық стрестің кесірінен болған. 

Марат Жыланбаев 1989 жылы © facebook.com/marat.zhilanbaev

"Мен ол кезде тіпті Мәскеуде қалай тап болғанымды білмеймін. Қазір жадым қалыпты. Бірақ барлық нәрсе есімде деп айта алмаймын. Кейде достарымызбен жиналған кезде, студенттік шақтағы қызықтарды айтып отырған кезде, олар айтып отырған дүниелер мен есімде емес болып шығады. Біраз нәрсе есімде жоқ", - дейді Марат Жыланбаев.

Марафоншының айтуынша, ол кезде жарыс ұйымдастыруға өзінде қаражат болмағандықтан, мемлекеттен көмек сұраған. Министрлік қаражат береміз деп уәде берген. Алайда артынша сөзінде тұрмаған. 

"Бұл оқиға болғанға дейін 2-3 ай бұрын менің денсаулығым нашарлап, бірнәрсе болатынын сезгем. Сол кезде бір олигарх "Марат болды, жүгіресің, телеарналарды шақыр, барлығын түсіріп, хабарласын" деді. Мен билет алып, барлығын төлеп қойғаннан кейін, маған әлгі олигарх "ақша жоқ" деді. Содан кейін 1-2 күннен кейін мен есімді жоғалтып алдым. Одан кейін ештеңе есімде қалмаған", - дейді ол. 

Марат Жыланбаев 1990 жылдары © facebook.com/marat.zhilanbaev

Марат Жыланбаевтың сөзінше, ол кейде жөргекте жатқан кездегі болған оқиғалар есінде қалғанын айтады. 

"Сәби кезім есімде. Көлікте анамның алдында жөргекке оранып жатырмын. Артында әпкем, ағам және әкем отырған. Содан кейін өрт болды. Бір қызығы осының бәрі есімде. Әпкеме осы естелігімді айтсам, сенбейді", - дейді спортшы.  

Марат Төлегенұлының айтуынша, оның жадын қайтару үшін дәрігерлер біраз еңбек еткен. Олар "бұл оқиға жүгірудің салдарынан болған" деп ұйғарған. 

Сонымен қатар спортшы өз отбасы жайлы да айтты. Оның бір ұлы және төрт қызы бар. Үлкен ұлы 30 жаста. Ең кіші қызы бес жаста, биыл бірінші сыныпқа барады. 

"Балаларымның спортқа қатысы жоқ. Бірақ жүгірудің әдіс-тәсілдерін үйреткенмін. Барлығы сұңғақ бойлы. Жиі жүгіріп тұрады", - дейді ол.  

Марат Жыланбаев © Жеке архивінен

Марат Жыланбаевтың сөзінше, алдағы таңда осы секілді үлкен сапарға шығып, жүгіру ойы жоқ. Себебі қазір жүгіруден бөлек, ел бойынша жүгіру марафондарын ұйымдастырады. 

"Біріншіден қазір менің отбасым бар. Оның үстіне үйдегілер ондай ұзақ сапарға жібере қоймайды. Қазір біз ел бойынша жүгіру марафондарын ұйымдастырамыз. Бұрын тегін жұмыс істейтінмін. Ал қазір жаттықтырушы ретінде ақылы түрде қызмет етемін", - дейді ол. 

Марат жүгіру орталығын 1986 жылы ашқан. Содан бері жүгіргісі келетін барлық адамға есік ашық. Ол кезде сурет салып, оны сатып, соның қаражатына өмір сүргендіктен тегін жаттықтыратын. Бастапқыда  ең көбі 70 адамдай келген. Ал қазір ақылы түрде, бір ай көлемінде, бір топта шамамен 17 адамды жаттықтырады екен. 

Вы находитесь: Главная » Новости спорта

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий