allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои
Выбор читателей

Новости культуры

16 мая, 19:58

Алматыдағы "Көктөбедегі" The Beatles тобына арналған ескерткіш осыдан 12 жыл бұрын дәл осы күні ашылған. Яғни 2007 жылдың мамыр айында. Бұл топтың жанкүйерлерінен құралған бірнеше адам есткерткішті 2000 жылдан бері орнатуды жоспарлаған екен. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты оны орнату мүмкін болмаған.

Ескерткіштің салынуына бастамашы болған Ринат Шаяхметов Tengrinews.kz тілшісіне англиялық топтың мүсіндерін тұрғызу тарихы мен кездескен қиындықтар туралы айтып берді.  

Саябақта тұрған ескерткіште 1960 жылы Англияда құрылған танымал The Beatles рок-тобы әншілерінің мүсіндері бейнеленген. Онда гитарамен орындықта отырған Джон Леннон, ал оның артында Пол Маккартни, Джордж Харрисон мен Ринго Старр тұр. Ливерпульде құрылған топтың жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде болды. Оларды битломандар дейді. 

Ринат Шаяхметовтың айтуынша, The Beatles тобының ескерткішін Алматыда салу туралы ой оған 2000 жылы келген.

"2000 жылы Нью-Йорктің орталық саябағында топтың мүшесі Джон Леннонның 60 жылдығында болдым. Әншінің құрметіне көтерілген Imagine мемориалына топтың жанкүйерлері жиналды. Сол кезде мен Алматыда битломандардың осындай жиналатын жері болса екен деп армандадым. Сондай-ақ оны Алматының битломандары да армандады", - дейді ол. 

Шаяхметовтың айтуынша, бұл арманды іске асыру үшін жеті жыл уақыт кеткен. Себебі ескерткіш салуға рұқсат алу қиын болған. 

"Біз ең алдымен The Beatles тобының мүшелерінен кейін олардың компанияларынан рұқсат алуымыз керек болды. Уақыт өте келе оны алдық. Ескерткішті бастапқыда Алматының Бөгенбай көшесінің бойындағы "неделька" фонтанының маңында орналастырғымыз келген. Бірақ оған рұқсат ала алмадық. Оған себеп сол кездегі шаһар басшысы Виктор Храпунов The Beatles тобын білмеген екен. Сондай-ақ оны тұрғызуға ақша мен мүсінші табылмады. Кейін Алматының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болғаннан кейін, ол ескерткішті Көк-Төбеге орнатуға көмегін тигізді. Оған қоса ескерткішті салуға демеушілер пайда болды", - дейді ол.

Ринат Шаяхметов "Көктөбеге" неліктін The Beatles тобының ескерткіші салынды? Оның орнына басқа да танымал топ немесе әншінің мүсінін орнатуға әбден болатын еді ғой" деген сұрақтарға былай деп жауап қайырды:

"The Beatles тобының әлемге танымалдығы мен ықпалы Кеңес одағының жастарына да болды. Олардың әнін тыңдау арқылы біз төбелесуді қойып, ән айтумен қатар ағылшын тілін де үйрене бастадық. Мінекей, сондықтан болар", - дейді ескерткіш авторы.         

Есткерткіш бастамашылары мүсінші ретінде Эдуард Казарянды таңдаған. Ол әріптестерімен бірге қысқа уақытта ескерткішті дайындап берген.

"Ескерткішке жалпы 5 тонна қола жұмсалды. Сондай-ақ оны тұрғызу үшін бірнеше адамның тікелей көмегі тиді. Еуропарламент депутаты Стуруан Стивенсон, еліміздің Арсен Баянов, Ноэль Шаяхметов, Сергей Козлов, Мұрат Омаров сынды битломандарының арқасында ол бой көтерді. Ал мүсіндерді жасау барысында қазақстандық Fridays тобының мүшелері мүсіншілерге көмектесу үшін The Beatles әншілері секілді бой түзеп тұрды. Осылай ортақтасып біз өнер туындысын жасадық", - дейді ол.

Мүсінші Эдуард Казарян. Суреттер eduardkazarian.com сайтынан

Ал мүсінші Эдуард Казарянның айтуынша, бұл мүсін саябақтағы ерекше орынды алып тұр. Оған қоса, ескерткіштің жанында әрдайым олардың музыкасы ойнап тұрады. Осылайша танымал топтың мүсіндерімен қатар олардың өнерімен де танысуға болады.

"Ескерткіштің идеясы демеушілерге тиесілі. Оны жасауға бір жыл кетті. Жұмысты 2006 жылы бітірдік, ол менің шеберханамда бір жылдай тұрды, себебі орнатуға рұқсат ала алмадық. Сол уақытта жергілікті және шетелдің битломандары мен қатар журналистер де оны көру үшін шеберханаға жиналатын. Меніңше, бұл есткерткіштің қасында тұрып әншілердің өмірде қандай болғанын сезінуге болады", - дейді мүсінші.

Вы находитесь: Главная » Новости культуры

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий