allinfoКаталог компаний НовостиПогода ГороскопЗнакомстваОбои

Актуально

23 августа, 17:20

16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің аптасына бес күн жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ екенін айтты. Министр ең бастысы, алтыншы күн - мұғалімдердің жеке уақыты болуы тиіс екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда әлем елдерінде бес немесе төрт күндік жұмыс аптасы туралы да мәселе қызу талқыланып жатыр. Алысқа бармай-ақ қояйық, күні кеше көршілес Ресей елінің үкімет басшысы Дмитрий Медведев елдің Еңбек министрлігіне төрт күндік жұмыс аптасы туралы сұрақ қойған болатын.

 Ал біздің елімізде төрт күндік жұмыс аптасын енгізсе не болады? Әлем елдеріндегі жұмыс аптасы қандай? Tengrinews.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.

Думан Көпбаев, заңгер 

       

Заңгер маман Думан Көпбаевтың айтуынша, төрт күндік жұмыс режимінде демалыс күндерінің ақшасын төлеу екіталай болады.

"Жұмыс сағаттарының азаюына байланысты жалақы міндетті түрде төмендейді. Демалыс күндерінің ақшасын төлеу екіталай болады. Компанияларда немесе лауазымды жұмыстарда, келісімді жұмыс ақысы төленетіндерге мұндай өзгеріс қиынға соқпауы мүмкін. Бизнестің табысы керісінше төмендеп, мемлекетіміздің экономикасына әсерін тигізуі мүмкін. Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасын енгізетін болса зейнеткерлікке шығу мерзімін 70 жасқа жеткізсе мен таңғалмас едім, себебі бір-бірімен байланысты ғой", - дейді заңгер. 

Заңгердің айтуынша, Еуропа елдерінің төрт күндік жұмыс күнін енгізген мемлекеттермен Қазақстанды салыстыруға келмейді.

"Біріншіден, Еуропада экономикасы дамыған, аяқтарына нық тұрған елдер. Екіншіден, олардың өндірістері автоматтандырылған (ғылыми-техникалық прогрестің дамыуы: көп адамның жұмыстары машиналармен ауыстырылған), сондықтан адамдардың күшін көп талап етпейді. Сонымен қатар, біздің елде Еуропа елдеріне қарағанда мерекелік демалыс күндеріміз өте көп. Оның үстіне аптасына үш күн демалытын болсақ, өндірісте кімдер жұмыс істейді?", - дейді Думан Көпбаев. 

Жанат Смирнова, психолог 

      

Ал психолог маман Жанат Смирнованың айтуынша, төрт күндікке көшу өте қызық ой. 

"Менің ойымша, адамдардың бұл өзгеріске реакциясы қандай болатыны қызық. Бұл жүйеге көшетін болсақ, әрине, демалыс уақыты көп болады. Екі түрлі адам болады ғой: тиянақты және жауапсыз. Төрт күндік режимге ауысатын болсақ бірінші топтың адамдары, әрине, бос уақытын пайдалы өткізуге тырысады. Ал екінші топтағы адамдар бос уақытын құры өткізуі мүмкін, уақыт жоғалтуы мүмкін", - дейді Смирнова.

Маманның сөзінше, үш күндік демалыс уақытын тиімді пайдаланатын адамдардың жеке кәсіп ашып, өзін-өзі дамытып не болмаса саяхатқа шығуға мүмкіндіктері болады. 

"Қазір алкоголизм мен нашақорлық саны айтарлықтай азайып жатқандықтан төрт күндік жұмыс аптасын енгізудің оң тұстарын ғана байқап тұрмын. Ал жалпы адамның психикасы түпкілікті өзгеріп кетеді деп айта алмаймын. Ол адамның жеке мінез-құлқына байланысты", - дейді психолог. 

Төрт күндік жұмыс уақытына ауысқан кезде мекеме шығыны артып, өнімділігі төмендеуі мүмкін.

       

 Қайрат Жүкелұлы, заңгер 

Заңгер Қайрат Жүкелұлының айтуынша, мұндай жағдайда жұмысшылардың айлығын азайту есебінен және қосымша жұмыс күшімен шығындарды ретке келтіруге болады екен.

"Еңбек кодексінде қызметкер бір аптада 40 күннен артық жұмыс істемеуі керек деп бекітілген. Ал жұмыс уақыты 32 сағатқа қысқаратын болса көп мекеме жұмысшыларының айлығын азайтуы мүмкін", - дейді заңгер. 

Маманның айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасын енгізудің артықшылығы - ең алдымен адамдар аз жұмыс істеп, көбірек демалатын болады.

"Демалған әрине бәрімізге ұнайды ғой. Ал кемшілігі - экономикаға кері әсері тиюі мүмкін. Сонымен қатар, кез келген ұйымға ол қосымша шығын болады. Мұғалімдердің қарсы болу-болмауы мемлекетте минимал оқу бағдарламасына байланысты. Бірақ оқу бағдарламасын толық игеріп шығу үшін мұғалімдердің сағатын қысқартпайтын шығар деп ойлаймын", - дейді заңгер.

Заңгердің сөзінше, еліміз төрт күндік жұмыс аптасын көшетін болса Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ жұмысшылардың жалақысы сақталып қалуы екіталай екен. 

"Өз басым егер төрт күндік жұмыс режимі енгізілсе қолдаймын", - дейді Қайрат Жүкелұлы. 

Әлем елдерінің статистикасы

2016 жылы UBS швейцариялық банкі ең көп орташа жұмыс уақыты тіркелген қалалардың тізімін жариялаған. Банк мәліметі бойынша, Гонконг тұрғындарының жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 50,1 сағат, Мумбаи - 43,7 сағат, Мехико - 43,5 сағат, Дели - 42,6 сағат және Бангкок тұрғындары 42,1 сағат жұмыс істейді екен. Ең қиыны Мексика тұрғындарының жұмыс уақыты екен. Жылына 2225 сағат жұмыс істейтін мексикалықтарға төленетін еңбек демалысының уақыты - небәрі 10 күн.

Халықаралық Еңбек ұйымының мәліметінше, ұзағырақ жұмыс күні әдетте табысы төмен және орташа елдерге тән екен. Бұлай болудың бірнеше себебі бар: табысы төмен елдерде көптеген адам өз-өзіне қызмет етеді, сондай-ақ жалақы төмен болғандықтан еңбек нарығындағы жағдай нашар. Сонымен қатар әртүрлі мәдени аспектілер де ықпалын тигізбей қоймайды. Бірақ дамыған елдердің қатарындағы Оңтүстік Корея жұмыс уақытының ұзақтығымен ерекшеленген екен. 

2018 жылы наурызда Оңтүстік Кореяның ұлттық ассамблеясы жұмыс уақытын 68 сағаттан 52 сағатқа қысқартуға шешім қабылдаған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, дамыған елдердің арасында ең ұзақ жұмыс уақыты Оңтүстік Кореяда  тіркелген. Жаңа заң 2018 жылдың шілдесінен күшіне енген. 

Ал жапондықтар орташа есеппен жылына шамамен 1713 сағат жұмыста өткізеді екен. Алайда бұл елде аптасына белгіленген нақты сағат саны заңды түрде жоқ. Сондықтан жапондықтар көп уақытын жұмыста өткізеді екен. Осы себеппен Жапонияда "артық жұмыс істеуден қайтыс болу" мәселесі өзекті. Ол "кароси" деп аталады екен. Кароси - жұмыс уақытында болған стреске байланысты туған аурулардың пайда болуы не жұмысты орындай алмаған адамның өз-өзіне қол жұмсауы. 

2015-2016 жылдары "каросиден" 1456 адам қайтыс болған. Жұмыскерлердің құқығын қорғаушы ұйымның айтуынша, шынайы мәлімет бойынша жұмыс уақытында қайтыс болған адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ал Қытайда "996 жүйесі" бар. Бұл жүйе бойынша қызметкерлер таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін, аптасына алты күн жұмыс істейді. 

Төрт күндік жұмыс аптасы қабылданған жерлер де бар екен. Жаңа Зеландияның Perpetual Guardian компаниясы төрткүндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейді. Бастапқыда сынақ режимінде өткізілген тәжірибенің нәтижесінде тұрақты түрде төрт күндік жұмыс аптасы қалған. Бірақ жұмысшылар бес күндік жұмыс аптасының жалақысын алып отырады екен. 

Вы находитесь: Главная » Актуально

Комментарии: Вы можете быть первым, кто оставит комментарий